07
апрель
2026
"Айтыс-сөздің майданы" атты жас ақындар айтысы

✨Бүгін Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты №1 Оқушылар үйінде “Сөз бен саз” республикалық байқауының қалалық іріктеу кезеңі аясында “Айтыс – сөздің майданы” атты жас ақындар айтысы өтті.✨ Ұлттық өнердің ұлық мерекесіне айналған айтыстың шымылдығын Алматы қаласы Білім басқармасының өкілі Темірлан Тілеуханұлы Шотанов ашып берді.
✨ Өнер додасына төрелік еткен қазылар алқасының құрамында айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Алматы қаласы бойынша төрағасы Серік Қалиев пен “Дарын” сыйлығының иегері, ақын Сырым Әуезхан болды.
✨ Алматы қаласының 8 ауданынан іріктеліп келген 8 жас ақын “Наурыз – жаңару мен сөз салтанаты” тақырыбын жырға қосып, суырыпсалмалық өнердің шынайы үлгісін көрсетті. Ақындар тек Наурыздың маңызын ғана емес, жастар мен жеткіншектердің көкейіндегі өзекті мәселелерді де қозғап, қоғамдағы референдум тақырыбын да жырға қосты. Қыз бен жігіт айтысының әсем үлгісі көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
✨ Нәтижесінде кіші топтан Бексұлтан Нүсіпхан, ал үлкен топтан Сыбанкүл Әдемі жеңімпаз атанып, мамыр айында Астана қаласында өтетін республикалық қорытынды кезеңге жолдама алды.
✨ Бүгінгі заманда жас буынның айтыс өнеріне қызығушылық танытып, ұлттық мұраға бет бұруы көпшіліктің көңіліне қуаныш сыйлаған ерекше сәт болды.
Ұлттық сөз өнері жасай берсін!